Білім

Жаңа формат: колледждерде оқу процесі қалай ұйымдастырылып жатыр?  

Облыста техникалық және кәсіптіктік білім беретін 43 колледж бар. Оның

26-сы — мемлекеттік, қалған 17-сі — жекеменшік оқу орны. Бұл білім шаңырақтарындағы 18 872 оқушы қашықтан оқып жатыр. Қазір барлық колледжде Call-орталық жұмыс істеп тұр. Арнайы ютуб, телеграм арналары құрылып, оған түрлі мамандықтар бойынша 600-ден астам бейнесабақ жүктелді. 

  • Оқушыларды оқыту және олардың білім беру платформаларында жұмыс істеуі үшін бейнероликтер әзірленіп, таратылды. Қазір оқушылар тұрғылықты жері бойынша  оқуда. Тек 28 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған оқушы ғана жатақханаларда тұрып жатыр. Оларға тұру және оқыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Оқушылар Platonus, ЕduРage, «ИС-Колледж» платформалары, Мoodle бағдарламасы, «Электронды журнал» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, Google Сlassromm арқылы білім алуда. Тек Ойыл аграрлық колледжінің оқушыларының (172 оқушы) ғана электронды платформалардың көмегімен оқуға мүмкіндіктері болмай отыр. Өйткені аталған ауданда интернет жылдамдығытөмен. Сол себепті оқытушылар тапсырмаларды қағаз түрінде дайындайды екен.

  • Оқу процесінің кестесіне, оқу бағдарламаларының мазмұнына түзетулер енгізілді. Ал өндірістік тәжірибе өткізу кешірек мерзімге ауыстырылды, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі — облыстағы алдыңғы қатарлы колледждердің бірі.

  • Колледж заман талабына сай жабдықталған, жоғары кәсіби кадрлар да жеткілікті. Жергілікті атқарушы билік пен ірі серіктес компаниялар, олардың ішінде бірінші кезекте Дөң тау-кен байыту комбинаты тарапынан ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Осы қолдаудың арқасында көптеген оқушымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Колледж түлектері тіпті шетелдік мамандармен де бәсекеге түсе алады деп толық сеніммен айта аламыз. Білім берудің барлық деңгейлерінде қашықтан оқытуға қарқынды көшу осы саланың күшті және әлсіз жақтарын анықтап берді. Ал біздің колледж үшін жаңа форматқа көшуде қиындықтар бола қойған жоқ, — дейді Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің директоры Бағдашжан Молдашева.

Айта кету керек, 1 колледж қылмыстық атқару жүйесіне жататындықтан және арнайы есту, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат жабық мекеме болғандықтан, бұл оқу орындарында оқу процесі дәстүрлі түрде жүргізіліп жатыр. Өңірдегі 2 жекеменшік колледжде (кооперативтік, қаржы-экономикалық) контингент жоқ.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button